homepage
Видеодан кадр

Ақтауда екі айлық сәби көз жұмды: тергеу басталды

05.04.2026, 17:51

Ақтауда екі айлық баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Lada порталының жазуынша, бұл туралы жергілікті қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев хабарлаған. 

Оның айтуынша, қайғылы жағдай 4 сәуір күні таңертең болған. Блогер бұл оқиғаға көршілердің ұзақ уақыт бойы тиісті органдарға шағымданып келгеніне қарамастан, мәселенің шешілмеуі себеп болуы мүмкін екенін алға тартты.

Көршілер бірнеше рет шағымданған

Жергілікті тұрғындардың айуынша, 1994 жылы туған әйел (екі баланың анасы) мен онымен бірге тұратын 2000 жылы туған ер адам жиі ішімдік ішіп, жанжал шығарған.

Көршілер қорғаншылық органдарына, учаскелік полицияға және прокуратураға бірнеше рет шағым түсірген. Алайда олардың айтуынша, нақты нәтиже болмаған.

Соңғы шағым 2025 жылдың қараша айында тіркелген.

Полиция не дейді?

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 4 сәуірде сағат 11:00-де «102» пультіне қаланың медициналық мекемелерінің бірінде екі айлық баланың қайтыс болғаны туралы хабар түскен.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала тексеру барысында баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.

“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тексеру жұмыстары жүргізілуде”, – делінген полиция хабарламасында.

Полиция мәліметінше, бұл отбасы бұған дейін де құқық қорғау органдарының бақылауында болған.

2025 жылдың 19 қарашасында учаскелік инспектор тұрғындармен кездесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Сонымен қатар баланың әкесі бір жыл ішінде бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қорғану нұсқамасы шығарылған.

Полиция өкілдері түпкілікті процессуалдық шешім тек тексеру нәтижесіне сәйкес қабылданатынын мәлімдеді.