Петропавл қаласының әкімдігі бұрынғы депутат – коммуналдық кәсіпорынның экс-басшысынан бюджетке келтірілген шығынды өндіру туралы сотқа жүгінді. Азаматтық сот шешімімен Павел Булаев пен оның сыбайластары қала қазынасына 800 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Qazaqstan Media порталы хабарлағандай, бұған дейін аталған тұлға мемлекеттік мүлікті жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілері бойынша сотталған болатын.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол бірнеше жыл бойы жалған компаниялар арқылы бюджет қаражатын заңсыз иемденіп келген.
Қаржы жалған келісімшарттар арқылы жымқырылған
Айыптау нұсқасына сай, күдіктілер мемлекеттік кәсіпорынның өкілеттігін пайдаланып, өздеріне тиесілі немесе сенімді адамдар басқаратын компаниялармен тікелей келісімшарттар жасасқан.
Тиісті конкурстық рәсімдер өткізілмей, қызметтер тек қағаз жүзінде көрсетілген.
Осылайша, су жүйелері мен коммуналдық нысандарды күтіп ұстау, жолдарды тазалау сияқты жұмыстарға бөлінген жүздеген млн теңге іс жүзінде орындалмаған қызметтер үшін төленген.
Сараптамалар мен аудит нәтижелері бюджетке келтірілген жалпы шығын көлемі 805 млн теңгеден асатынын көрсетті.
Сот барысында айыпталушылар өз кінәсін толық мойындамай, жұмыстардың атқарылғанын алға тартқанымен, бұл уәждер дәлелсіз деп танылды.
Нәтижесінде сот келтірілген шығынды толық көлемде өндіру туралы шешім шығарды.