Күн жылынғанда табиғат аясына шығушылар қатары артатындықтан, кене шағу дерегі де жиілей бастайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, биыл бұл зиянкестердің белсенділігі ерекше жоғары болып тұр.
Кененің қауіптілігі сонда, оның шаққанын сезу мүмкін емес, алайда салдары мүгедектікке немесе өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
Кенеден қорғанудың жолы қандай?
Кенелер ағаштан ағашқа секіріп жүрмейді, көбінесе биік шөп пен бұталарда бұғып жатады. Сондықтан табиғат аясына шыққанда бірқатар ережені есте ұстаған жөн.
Ең алдымен, денеңізді барынша жауып тұратын әрі ашық түсті киім киіңіз. Ашық түсте кенені байқау оңайырақ. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, жеңі тығыз жабылатын киім таңдаған абзал. Бас киім киюді де ұмытпаңыз.
Киімге кенеге қарсы арнайы спрей шашып алыңыз.
Табиғатта жүргенде әр 30-60 минут сайын өзіңізді және жақындарыңызды тексеріп отырыңыз. Кене денеге бірден жабыспайды, ол қолайлы орын іздеп біраз уақыт бойы өрмелеп жүреді.
Ит немесе мысық кенені даладан үйге тасымалдауы мүмкін. Сондықтан серуеннен кейін жануардың жүнін мұқият тексеріңіз.
Кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы - алдын ала екпе алу. Вакцинация үш кезеңнен тұрады және табиғатқа жиі шығатын жандар (аңшылар, балықшылар) үшін міндетті деуге болады.
Егер кене шағып алса, не істеу керек?
Егер денеңізден жабысып тұрған кенені байқасаңыз, ең дұрыс шешім - жақын маңдағы травматологиялық пунктке немесе медициналық мекемеге жүгіну.
Неге өзіңіз алуға болмайды? Зиянкесті өз бетіңізше алғанда, оның басын үзіп алуыңыз немесе ішіндегі вирусты қанға сығып жіберуіңіз мүмкін.
Сондай-ақ кенені өлтіруге де болмайды, терідегі көзге көрінбейтін жарақаттар арқылы вирус ағзаға тез тарайды.
Медициналық көмектің маңызы
Кене энцефалитінің алдын алу үшін шаққаннан кейін алғашқы үш тәулікте арнайы иммуноглобулин енгізілуі тиіс.
Кене шаққан соң 21 күн бойы дене қызуын қадағалау қажет. Егер бас ауруы, жүрек айну, бұлшықеттердің сырқырауы немесе дене қызуының көтерілуі байқалса, шұғыл дәрігерге көрініңіз.
Кене - энцефалит, боррелиоз (Лайм ауруы) және геморрагиялық қызба сияқты орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр дерттердің қоздырғышы.
Есіңізде болсын, кене неғұрлым денеде ұзақ тұрса, инфекция жұқтыру қаупі соғұрлым жоғары болады. Сақтық шараларын сақтау – өз денсаулығыңыздың кепілі.
Дереккөз: bsmp.by