homepage
Depositphotos.com

Неке үшін ең қауіпті кезең - статистика

05.04.2026, 13:06

Отбасы – қоғамның тірегі болғанымен, соңғы жылдары бұл іргетастың беріктігі жиі сынға түсетін болған. 2025 жылғы статистикалық мәліметтер еліміздегі некелердің басым бөлігі дәл алғашқы жылдары шайқалатынын көрсетті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, ерлі-зайыптылар үшін қаржылық тауқымет, тұрмыстық таусылмас кикілжіңдер мен психологиялық үйлесім табу кезеңі ең ауыр сынақ болып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Алғашқы төрт жыл шаңырақтың шайқалуына себеп пе?

Ресми деректерге үңілсек, 2025 жылы ажырасу көрсеткіштерінің басым бөлігі бірге түтін түтеткеніне көп бола қоймаған жұптарға тиесілі болған:

  • 1-4 жыл бірге тұрғандар -35% (ең жоғары көрсеткіш);
  • 5-9 жыл отасқандар - 24%;
  • Бір жылға жетпей ажырасқандар - 8%.

Бұл сандар алғашқы төрт жылдың отбасы үшін нағыз «от пен судың» арасы екенін айқын аңғартады.

Baq.kz сарапшыларының пайымдауынша, бұл кезеңде сезімнің жалыны басылып, алғашқы тұрмыстық қиындықтар бой көтереді. Жеке баспананың жоқтығы, туыстардың жас отбасының ішкі ісіне араласуы және жауапкершілікке деген психологиялық дайындықтың төмендігі шаңырақтың ортасына түсуіне басты себеп болып отыр.

Аймақтық ерекшеліктер: солтүстік пен оңтүстік арасы

Қазақстанның әр өңірінде некен беріктігі әртүрлі деңгейде. Статистика ажырасу көрсеткіші бойынша солтүстік пен орталық аймақтардың көш бастап тұрғанын көрсетеді (1 мың адамға шаққандағы коэффициент):

  • Павлодар облысы - 3,43;
  • Қарағанды облысы - 3,41;
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 3,28.

Ал отбасылық құндылықтар мен дәстүрдің берік орныққан мекені Түркістан облысы болып шықты, онда бұл көрсеткіш ең төменгі деңгейде (1,03) тұр.

Неке жасы ұлғайып келеді

2025 жылы елімізде 115,9 мың неке қиылған. Қазіргі жастар шаңырақ көтеруге асықпайтыны байқалады: көбінесе ерлер орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста алғаш рет некеге отырады. Бұл заман талабына сай білім алуға, мансап қууға және қаржылық тәуелсіздікке ұмтылудың нәтиже делінеді.

Тағы бір қызықты дерек айта кетсек, қалалық жерлерде некеге тұру үлесі 68%-ды құраса, ажырасу деңгейі ауылдық жерлермен салыстырғанда 3 есе жоғары. Бұл мегаполистердегі өмір ырғағының жылдамдығы мен психологиялық стрестің көптігінен болса керек.

Ал бұрынғы некесі сәтсіз болып, қайтадан бағын сынағандардың үлесі ерлер арасында 22% болса, әйелдерде 21% болып отыр.

Статистика көрсеткендей, алғашқы жылдар қазақстандық отбасылар үшін ең осал кезең болып саналады. Қаржылық тұрақтылық пен тұрмыстық реттілік маңызды болғанымен, жас жұбайларға психологиялық қолдау мен өзара түсіністік ауадай қажет.

Неке - тек екі адамның қосылуы емес, оүлкен төзімділік пен жауапкершілікті қажет ететін мәңгілік мектеп.