Жас кезде кәсіп бастап, түрлі бағытты сынап көру қалыпты құбылыс көрінгенімен, уақыт өте келе көптеген кәсіпкер өз жолына қайта үңіліп, жіберген қателіктерін түсіне бастайды. Тәжірибе көрсеткендей, бизнестің дамуына көбіне бірқатар жүйелі қателіктер кедергі болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Нақты даму бағытының болмауы
Ең жиі кездесетін мәселе – стратегиялық бағыттың жоқтығы. Көптеген кәсіпкер тек күнделікті табыс табуды ғана мақсат етіп, ұзақмерзімді даму векторын ескермейді. Соның салдарынан бизнес сырттай табысты көрінгенімен, оның болашағы бұлыңғыр болып қалады. Шын мәнінде, жоғары нәтиже тек қажырлы еңбекке емес, ең алдымен, дұрыс таңдалған бағытқа байланысты.
Барынан айырылып қалудан қорқу
Тағы бір кең тараған қателік – сәтсіздікке ұшыраудан немесе жинаған дүниесін жоғалтып алудан қорқу. Кейбір кәсіпкер тиімсіз жобаны немесе сенімсіз серіктестерді «бір нәтижесі болар» деген үмітпен тым ұзақ ұстап, батыл шешім қабылдай алмай жүріп алады. Бұл бизнесті басқару жүйесін әлсіретіп, қосымша шығынға әкеледі. Тиімді менеджмен нәтиже бермейтін бағыттарды дер кезінде тоқтата білуден басталады.
Құндылықтары сәйкес келмейтін серіктестік
Серіктес таңдауда да қателіктер жиі кездеседі. Қысқамерзімді пайданы көздеп, сенімсіз немесе құндылықтары сәйкес келмейтін адамдармен одақтасу болашақта үлкен дағдарысқа ұрындыруы мүмкін. Сенімсіз серіктеспен табысқа жету – бизнестің тұрақтылығына төнген ең ірі тәуекел.
Келісімдерді тек ауызша жасау
Маңызды мәселелерді тек ауызша келісу – өте қауіпті тәжірибе. Уақыт өте келе адамдардың жағдайы мен көзқарасы өзгеріп, бастапқы уағдаластық бойынша түсініспеушіліктер туындайды. Сондықтан кез келген маңызды келісімді жазбаша түрде ресми бекіту – бизнестегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі.
«Кеңеюді» өсумен шатастыру
Ең басты қателіктердің бірі – бизнесті сан жағынан «кеңейту» арқылы сапалы өсімге жетемін деп ойлау. Көптеген кәсіпкер ірі масштабқа шығудың орнына, бірнеше шағын жобаны қатар дамытуды жөн көреді. Бұл көбіне тәуекелден қашу мен өзіне деген сенімсіздіктің белгісі. Нағыз өсім жаңа деңгейге көтеріліп, басқару жүйесін түбегейлі өзгерткенде ғана болады.
Демек, табысты бизнес үшін тек еңбек ету жеткіліксіз. Нақты нәтижеге жету үшін айқын стратегия, батыл шешімдер және ұзақмерзімді кәсіби көзқарас қажет.
Дереккөз: Forbes.kz