homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда геологтар қанша жалақы алады

05.04.2026, 10:42

Қазақстанда сәуірдің алғашқы жексенбісінде Геологтар күні атап өтіледі. Осы кәсіби мереке қарсаңында сарапшылар сала мамандарының табысы қандай екені назар аударды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ресми деректерге сүйенсек, геологиялық барлау және зерттеу саласында жұмыс істейтін мамандардың орташа айлық жалақысы шамамен 621 мың теңгені құрайды. Бұл – елдегі орташа жалақыдан айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мәселен, айырмашылық кей жылдары 40-60%-ға дейін жеткен.

Алайда геологтардың табысы олардың жұмыс істейтін саласына, тәжірибесіне және біліктілік деңгейіне тікелей байланысты. Жалпы алғанда, қарапайым геологтар айына 360 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін табыс таба алады. Ал бас геологтардың жалақысы 600 мыңнан 1,7 млн теңгеге дейін жетеді, әсіресе мұнай-газ саласында жоғары екені айтылады.

“Ең жоғары табыс табатындар қатарында петрофизиктер тұр, олардың айлығы шамамен 1,9 млн теңгеге дейін барады. Ал техникалық қызметкерлер, зертханашылар мен біліктілігі төмен жұмысшылардың жалақысы көбіне 250-370 мың теңге аралығында”, – дейді сарапшылар.

Жалақыға әсер ететін факторлар және еңбек нарығындағы жағдай

Геологтардың ең жоғары жалақысы тау-кен және мұнай өнеркәсібінде тіркеледі. Ал ғылыми салада еңбек ететін геологтардың табысы салыстырмалы түрде төмен. Мысалы, кейбір гидрогеологтардың жалақысы салалық орташа деңгейден де аз болуы мүмкін.

Сонымен қатар еңбек нарығында бұл мамандыққа сұраныс аса жоғары емес. Мәселен, бір уақытта бос жұмыс орындарының саны 40–50 шамасында ғана болады. Жұмыс берушілер көбіне кемінде 3 жыл тәжірибесі бар мамандарды іздейді.

Жас мамандар үшін мүмкіндік аз, яғни ұсынылатын жалақы шамамен 200 мың теңге деңгейінде болып оытр. Бұған ірі компаниялардың кадрларды өздері дайындауы да әсер етеді. Көптеген кәсіпорын жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, болашақ мамандарды алдын ала іріктеп алады.

Жалақысы ең жоғары бос орындар тәжірибелі мамандарға арналған. Мәселен, халықаралық компанияларда аға геологтарға 1-1,6 млн теңге көлемінде айлық ұсынылады. Алайда мұндай қызметтерге қойылатын талап та жоғары болады, яғни көпжылдық тәжірибе, арнайы білім, ағылшын тілін білу және заманауи бағдарламалармен жұмыс істей алу қажет.

Жалпы, геология саласында жоғары табысқа жету үшін тар бағыттағы біліктілік пен мол тәжірибе шешуші рөл атқарады.

Дереккөз: Еnergyprom