homepage
Juzmedia.kz

Түркістан облысында суға ағып кеткен сәбидің денесі табылды

05.04.2026, 09:57

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Машат ауылында суға кеткен екі жастағы сәбидің денесі бірнеше күннен кейін табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Төтенше жағдайлар қызметінен хабарлағандай, 4 сәуірде Машат өзенінде жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында 2024 жылы туған баланың денесі табылған.

Алдын ала дерекке сәйкес, қайғылы жағдай 31 наурызда болған, сол күні сәби абайсызда суға құлап кеткен.

Бірнеше күн бойы үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару шаралары нәтижесінде баланың денесі оқиға орнынан шамамен 7 шақырым төмен жерден табылған.

“Іздеу жұмыстары тәулік бойы ұйымдастырылып, барлық қажетті күш пен құралдар жұмылдырылды”, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Сонымен қатар өңірде осыған ұқсас тағы бір оқиға тіркелген болатын. Қазіргі уақытта Келес ауданы аумағында 2018 жылы туған баланы іздестіру жалғасып жатыр. Болжам бойынша, ол да ойнап жүріп суға құлап кеткен.

Мамандар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және су айдындарының маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.