Ауғанстанда соңғы он күнде толассыз жауған нөсер жаңбыр соңы су тасқынына, көшкіндер мен найзағай соққыларына ұласып, 70-тен астам адамның өмірін қиды. Ресми билік бірнеше провинцияда адам шығыны мен ауқымды қираулар тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында ел аумағында болған толассыз жауын-шашын мен қатты дауылдың соңы табиғи апатқа ұшыратты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан 77 адам қаза тауып, 137 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Қолайсыз ауа райы бірнеше провинцияда қатар болып, онсыз да инфрақұрылымы әлсіз елдегі гуманитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді.
Елдің Төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, табиғи апат ел экономикасына айтарлықтай материалдық шығын келтірді. Атап айтқанда, 793 үй толық қирап, тағы 2673 тұрғын үй зақымдалған.
Сонымен қатар, 337 шақырымға жуық автожол жарамсыз болып, Кәсіпорындар мен суару жүйелері бүлінген, мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы алқаптары су астында қалған.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, шалғай аудандардан нақты деректер түскен сайын қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін. Себебі синоптиктер алдағы күндері ел бойынша жауын-шашынның қайта күшейетінін ескертуде. Осыған байланысты билік өкілдері тұрғындарды өзен жағалауларынан және су басу қаупі жоғары аймақтардан аулақ болуға шақырды.