Ақпан айының ортасында Шығыстан ши шығып, облыс әкімінің оң қолы Жақсылық Омар ұсталған. Оған ірі көлемде алаяқтық жасады әрі ірі көлемде пара алды деген айып тағылды. Істің бірінші эпизоды Жақсылық Омар Өскеменнің әкімі болған тұсқа тиесілі. Тергеу дерегіне сай, ол мәдени мекеме басшысынан ірі кәсіпорынға хат жазып, қызметтік автокөлік сұратуды өтінген. Нәтижесінде, Toyota Camry автокөлігі қала әкімдігіне жеткізіліп, кейін үшінші тұлға атына қайта рәсімделген. Екінші эпизод бойынша Жақсылық Омар ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тұрғанда қала әкімдігінің жоғары лауазымды қызметкерінен 20 млн теңге талап еткен. Жақсылық Омар өз кінәсін бірден толық мойындап, қатты өкінетінін айтқан. Оған үкім оқылды, шенеунік алты жылға бас бостандығынан айырылды. Осы ретте орынбасары жемқорлықпен ұсталса, бірінші басшы қызметінен кетуі тиіс деген ескі, ескі де болса есті ереже еске түседі. Бір қызығы бұл ережені көпшілікке қазіргі Үкімет басы, сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары қызметін атқарған Олжас Бектеновтің өзі баяндаған. Содан бері орынбасары үшін опық жеген ешкімді көрмедік. Демек, Сақтағанов та орынтағын сақтап қала ма? Осы сұрақты саясаттанушы Жұмабек Сарабековке қойған едік, сарапшының пікірін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.
Неліктен біздің елде қандай да бір мемлекеттік мекеме басшысының бірінші орынбасары парақорлық немесе мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу фактісі бойынша сотталса, басшылық құрам қызметінен кетпейді деген сұрақ көп адамды алаңдатуы әбден мүмкін. Әсіресе, соңғы күндері орын алып отырған жаңалықтарды ескерсек.
Бұл сауалға қатардағы депутат немесе Әділет министрлігінің ресми өкілі «кез келген жаза сонау Рим құқығы заманынан бері қалыптасқан қағида бойынша әрқашанда жеке сипатта болуы керек» деп жауап берер еді деп ойлаймын. Және де формалды түрде олардікі дұрыс, себебі заң алдындағы жауапкершілік ұжымдық сипат алса, жалпы адамзаттың бүгінге дейін қол жеткізген өркениет, заманауи моральға зор нұқсан келеді. Себебі жеке жауапкершіліктің артында әрбір адам өз бетімен шешім қабылдай алатын автономды тұлға деген идея жатыр.
Дегенмен де біз қарастырып отырған мәселе жай ғана құқықтық дилемма емес екені түсінікті, яғни мемлекеттік биліктің жоғары өкілдері парақорлық сияқты қылмыс жасаған жағдайда, әңгіме жай ғана жекелеген индивидтің заң алдындағы жауапкершілігімен шектеліп қалуы қисынға келе қоймас. Себебі кейбір біздің алыс және одан да алыс көршілеріміздің саяси практикасында коррупция сияқты мемлекеттік мүддеге, тіпті ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін қылмыс әшкереленген жағдайда қызметтен ұжыммен, тіпті топ-тобымен кету үрдісі кең таралған. Әрине бұл саяси жүйелері жақсы дамыған мемлекеттерде орын алатын жағдай.
Атап айтсақ, Жапония немесе Оңтүстік Корея. Әдетте бұл елдерде шенеуніктер парақорлық қылмыс былай тұрсын, өз қызметкерлерінің жалпы қандай да бір даулы жағдайға киліккен жағдайдың өзінде өз креслосын босатып береді. Және ең қызығы, бұл елдерде мұндай саяси санкциялардан ешкімге де иммунитет берілмеген – кез-келген министр немесе премьердің өзі де соққының астында қалуы мүмкін.
Осыған ұқсас жазылмаған ереже бірқатар европалық демократияларға да тән. Әсіресе, Ұлыбританияны мысалға келтірсек болады. Вестминстер жүйесіне, яғни британдық билік моделіне сәйкес, қандай да бір министрліктің басшысы өзі басқаратын мекеменің барлық әрекеттері үшін түпкілікті жауап береді. Және министр құқық бұзушылықпен байланысты әрекеттерден мүлдем хабарсыз болған жағдайдың өзінде де, ол кінәні өз мойнына алып, ақыр соңында қызметінен кетуі тиіс.
Германия мен Францияда да осыған ұқсас практика қалыптасқан. Қызық жайт ретінде айтсақ, мысалы, Германияда 2019 жылы диссертациясында плагиат белгілері бар деген дау-дамайға тап болған Отбасы және жастар ісі бойынша министр қызметінен кетуге мәжбүр болды.
Оған дейін 2011 жылы Цу Гуттенберг деген Германияның қорғаныс министрі де кандидаттық диссертациясында плагиат табылғаны үшін қызметінен өз бетімен кеткен болатын. Бір қызығы, Гуттенбергтің іштей қысылғаны сонша, ол өзінің саяси карьерасын аяқтап, тіпті АҚШ-қа көшіп кеткен. Және араға 9 жыл салып, ақыр аяғында 2020 жылы қайтадан диссертация жазып, өзінің ғылыми дәрежесін қорғап шыққан.
Ең бастысы, жоғарыда аталған мемлекеттердің ешбірінде ұжымдық жауапкершілік заң жүзінде бекітілмеген, яғни қылмыс немесе қызметтік құқық бұзушылық жасалған мекеме басшылары қызметінен кетуі керек деген заңнамалық норма жоқ. Бірақ бұл саяси және репутациялық нормаға айналып үлгерген. Одан бөлек, бұл елдердің түгелінде дерлік журналистер мен қоғамдық пікір тарапынан туындайтын қысым да орасан.
Енді Қазақстанға оралайық. Сонау 2013 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің сол кездегі ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың монографиясында едәуір көлемде (39 парақ) плагиат табылды деген шулы оқиғаны еске түсіруге болады. Және ол плагиаттың бар екендігін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан құрылған арнайы комиссия ұйғарған.
Бір қарағанда, “ұлттық деңгейдегі бетке ұстар университет ректоры плагиатпен ұсталды” деген жаңалық нағыз сенсация және оның арты немен аяқталуы керек екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ ақыр аяғында, Мұтанов мырза өзінің ректорлық қызметін 2021 жылға дейін ешбір қиындықсыз сақтап қалды.
Ұжымдық жауапкершілік мәселесіне қайта келсек, жалпы елімізде бірінші орынбасардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталғаннан кейін басшының автоматты түрде отставкаға кетуі саяси практика ретінде қалыптаспаған.
Және оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қандай да бір шенеунікті тағайындау туралы шешімдер жоғарыда қабылданады. Тиісінше, ол басшының қызметтен кетуі де саяси орталықта шешілетін мәселе. Яғни, қоғамдық сыни пікірлерден гөрі, саяси вертикаль рөлі басымырақ.
Екіншіден, елімізде парақорлық проблемасының қаншалықты өзекті екенін ескеру керек. Егер әрбір басшыны қарамағындағы қызметкерлердің әрекеті үшін жұмыстан босата берсе, бұл басқару жүйесін тым әлсіретіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, билік тізбегін толықтай бұзбай, «таңдап жазалау» оңайырақ.
Үшіншіден, кей жағдайларда ведомство басшының тікелей қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар шынымен де табылмайды. Бұл ретте көп нәрсе құқық қорғау органдарының жұмысына және тергеудің қаншалықты сапалы жүргізілгеніне байланысты.
Жұмабек Сарабеков, саясаттанушы