homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда курьер мен пошта қызметтері қымбаттады

04.04.2026, 17:15

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы компаниялар курьерлік және байланыс қызметтері үшін бұрынғыдан көбірек ақша төлеуге мәжбүр болды. Сарапшылардың мәліметінше, заңды тұлғаларға арналған тарифтер өткен тоқсанмен салыстырғанда 4,9%-ға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

LS сарапшыларының жазуынша, пошта немесе курьер арқылы хат немесе ашық хат жіберу құны 3,5%-ға қымбаттаған. Ал сәлемдеме мен бандероль жеткізу бағасы 5,5%-ға, EMS қызметтері 5,4%-ға артқан. Бұл ретте мерзімді басылымдарды жеткізу тарифтері өзгеріссіз қалған.

“Өңірлер арасында ең жоғары өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелді – 6,4%. Сонымен қатар Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тарифтер 6%-ға, Ақмола облысында 5,8%-ға, Атырау облысында 5,6%-ға көтерілген. Ірі қалаларда да баға өскен: Астанада – 4,9%, Алматыда – 4,8%, Шымкентте – 5,5%”, – делінген зерттеуде.

Байланыс қызметтері де біртіндеп қымбаттап жатыр

Байланыс қызметтерінің бағасы айтарлықтай өзгермегенімен, аздап өсім байқалады. Жалпы тарифтер 0,1%-ға артқан.

Сымды телекоммуникация қызметтері 0,1%-ға, жергілікті телефон байланысы 0,4%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар ТМД және Балтық елдеріне қоңырау шалу құны 0,1%-ға өссе, ал алыс шетелге қоңырау шалу 2,9%-ға қымбаттаған.

Сымсыз байланыс сегментінде де өсім бар – 0,1%. Ұялы байланыс тарифтері 0,2%-ға артқанымен, роуминг пен мобильді интернет бағасы өзгеріссіз қалған.

Ең жоғары өсім жылжымалы радиотелефон байланысында (8,3%) және спутниктік байланыста (7,9%) тіркелді. Ал транкингтік байланыс пен сымсыз интернет тарифтері бұрынғы деңгейде сақталған.

Өңірлік тұрғыда байланыс қызметтері ең көп Шығыс Қазақстан облысында (0,9%), Павлодар (0,7%), Қарағанды (0,6%) және Қостанай (0,2%) облыстарында қымбаттаған. Ал Астанада тарифтер өзгеріссіз қалған.