homepage
Juzmedia.kz

Қазақстандықтарға бюджеттен жаңа төлемдер беру ұсынылды

04.04.2026, 14:58

Қазақстанда азаматтарды ауылға көшуге ынталандыру үшін бюджеттен тікелей төлем жасау ұсынылуда. Бұл мәселе Парламентте талқыланып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Депутаттар Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында аграрлық салада кадр тапшылығы күрделі мәселеге айналғанын атап өтті. Әсіресе, малшылар, сауыншылар, механизаторлар, ветеринарлар, агрономдар мен зоотехниктер жетіспейді.

Мұның негізгі себептері – ауылдағы өмір сапасының төмендігі, жалақының аздығы және әлеуметтік қолдаудың әлсіздігі. Сонымен қатар кейбір жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасының бұзылуы да жағдайды ушықтырып отыр. Мәселен, бірқатар қызметкер үшін зейнетақы жарналары аударылмайды.

Депутаттар қандай өзгерістер ұсынды?

Халық қалаулыларының пікірінше, кадр тапшылығы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, еңбек өнімділігіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.

Осыған байланысты депутаттар бірқатар нақты ұсыныс айтты:

  • ауылға көшкен азаматтарға жергілікті бюджет есебінен қосымша төлемдер енгізу;
  • ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған субсидиялау бағдарламасын әзірлеу;
  • агросекторда жұмыс істейтіндер үшін табыс салығын төмендету;
  • аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында грант санын көбейту;
  • студенттердің шәкіртақысын арттыру.

Депутаттардың айтуынша, жүйелі реформалар қолға алынбаса, агроөнеркәсіп кешені елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындауда қиындықтарға тап болуы мүмкін.