Қазақстан Үкіметі Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілетуге арналған 2026–2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжат аясында ұлы ойшылдың мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттауға бағытталған 37 іс-шара қарастырылған. Сондай-ақ жоспар Түркістан қаласын рухани туризмнің ірі орталықтарының біріне айналдыруды көздейді.
Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды:
Жобада неге басымдық беріледі?
Жоспарда жастармен жұмысқа ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Түркістанда оқушылар арасында «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңін өткізу және музей жанынан арнайы клуб ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Ясауи еңбектерін қайта басып шығару, оның мұрасын отандық және шетелдік архивтерден іздестіру, ғылыми каталогтар әзірлеу көзделген.
Туризмді дамыту мақсатында гайдбуктар, бейнероликтер мен аудиогидтер жаңартылып, шетелдік туристерге арналған жаңа маршруттар жасалады. Кесенеде ғылыми-реставрациялық жұмыстар да жүргізіледі.
Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ арнайы мәдени күндер жариялау мәселесі қарастырылып отыр.
Жалпы, бұл жоспарды жүзеге асыру Ясауи мұрасын кеңінен насихаттап, Түркістанның рухани әрі туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.