homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтардың жалақысы неге көбеймей отыр

04.04.2026, 13:03

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда экономикалық көрсеткіштердің өскеніне қарамастан, халықтың нақты табысы сол деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Статистика не дейді?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында халық табысы номиналды түрде артқанымен, оның сатып алу қабілеті төмендеген.

Атап айтқанда, жан басына шаққандағы орташа табыс 238 070 теңгені құраған.

Номиналды өсім 10,2 пайыз болса, инфляцияны ескергендегі нақты табыс 1,1 пайызға азайған.

Табыс неге өспейді?

Министрлік өкілдері мұның басты себептерінің бірі бизнес табысы мен жалақы өсімі арасындағы алшақтық екенін айтады. Яғни, экономика өнеркәсіп, қызмет көрсету және экспорт есебінен дамып жатқанымен, бұл өсім қарапайым қызметкерлердің табысына бірден әсер етпейді.

Мысалы, елдегі компаниялардың шамамен жартысы ғана жалақыны 10 пайыздан аспайтын деңгейде көтереді, ал кейбір кәсіпорындар еңбекақыны мүлде индексацияламайды.

Бұған қоса, бизнес өкілдері жалақыны арттыруға асықпайды.

Бұған сыртқы нарықтағы тұрақсыздық, логистикалық қиындықтар, валюта бағамының құбылуы мен геосаяси факторлар себеп. Кәсіпкерлер шығындарды сақтықпен жоспарлайды, ал жалақы - тұрақты шығындардың негізгі бөлігі.

Экономика құрылымының әсері

Сарапшылар тағы бір маңызды фактор ретінде ел экономикасының құрылымын атап отыр.

Қазақстанда жалақының ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 31 пайызды құрайды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан жоғары. Бұл табыстың едәуір бөлігі еңбекақыға емес, компаниялардың таза пайдасына тиесілі екенін көрсетеді.

Халық табысы неден құралады?

Қазақстандықтардың табыс құрылымы бірнеше көзден қалыптасады:

  • Жалақы мен өзге кірістер — негізгі үлес;
  • Зейнетақы — 17,9%;
  • Өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс — 8,3%;
  • Әлеуметтік төлемдер — 3,3%.

Сондықтан халық табысының динамикасы тек жалақыға ғана емес, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы деңгейіне де тікелей байланысты.

Министрлік мәліметінше, халық табысын бағалауда жылдық көрсеткішке назар аудару маңызды. Ал бұған дейін тараған «табыс 6 пайызға төмендеді» деген ақпарат тек жедел деректерге негізделген және толық жылдық динамиканы толық көрсетпейді.

Дереккөз: uchet.kz