homepage
Видеодан кадр

Түркістан облысында тағы бір бала суға ағып кетті

04.04.2026, 12:24

Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Машат ауылында  екі жастағы қыз бала суға ағып кетті. Сәбиді іздестіру жұмыстары үш күннен бері жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 31 наурызда кешкі сағат 18:00 шамасында болған. Үйінің маңында ойнап жүрген 2 жасқа толмаған бала абайсызда Машат өзеніне құлап кетіп, ағыс алып кеткен.

Жақындарының айтуынша, бүлдіршіннің анасы сол сәтте аулада отын жарып жүрген. Қас-қағым уақытта көзден таса болған 1 жас 8 айлық Раяна содан бері табылмай жатыр.

“Іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жедел жәрдем, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған.

Қазіргі таңда оқиға орнында 250-300-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында еріктілер мен әскери қызметкерлер де бар”, – деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Сонымен бірге іздеу жұмысына 14 техника, 2 жүзу құралы, кинологиялық топ, дрон және спутниктік байланыс құралдары тартылды

Құтқарушылар өзен түбін және жағалау аумағын бірнеше шақырым бойы тексерген. Дрон арқылы да аймақ әуеден бақылауға алынған. Алайда әзірге баланың тек аяқ киімі ғана табылып отыр.

Үмітін үзбеген ата-анасы мен жақындары бүлдіршіннің аман-есен табылатынына сенеді.