Еліміздегі жол камералары көлік тізгінінде отырып телефон пайдаланған жүргізушілерді автоматты түрде тіркей бастады. Осы ретте қандай әрекеттер заңбұзушылық болып саналады және айыппұл арқаламау үшін не істеу керек екенін біле жүргеніңіз абзал, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Камералар нақты қандай заңбұзушылықтарды тіркейді?
12 наурыздан бастап Қазақстан жолдарындағы зияткерлік жүйелер бұрын тек инспекторлар анықтайтын бірқатар заңбұзушылықты автоматты түрде тіркей бастады. Соның ішінде көлік жүргізу кезінде телефон қолдану дерегі де бар.
Бұған дейін көптеген жүргізуші бұл талапты елемей келсе, енді айыппұл арқалау қаупі айтарлықтай артты. Себебі заңбұзушылық енді полиция қызметкерінің қатысуынсыз-ақ тіркеле беретін болды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушінің назарын аударатын факторларды азайтуға бағытталған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүргізушіге телефонды тек қолына ұстамай пайдалану ғана рұқсат етіледі. Бұл - басты талап.
Яғни, смартфонды қолмен ұстап сөйлесу ғана емес, хат жазу, хабарлама оқу, қосымшаларды пайдалану, фото немесе видео түсіру - барлығы заңбұзушылық болып саналады. Ең маңыздысы, бұл тыйым көлік уақытша тоқтап тұрған кезде де күшін жоймайды. Мәселен, жүргізуші бағдаршамның қызыл түсінде немесе кептелісте тұрса да, ол көлікті басқарып отыр деп есептеледі.
Телефонды қалай заңды түрде пайдалануға болады?
Құрылғыны арнайы ұстағышқа бекітіп қолдануға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда оны, мысалы, навигатор ретінде пайдалану заңға қайшы болмайды.
Сондай-ақ телефонды қолмен ұстауды қажет етпейтін технологияларды қолданған абзал. Олардың қатарына:
Бұл тәсілдер жүргізушінің жолдан алаңдамай, байланыста болуына мүмкіндік береді.
Такси жүргізушілері мен курьерлерге қойылатын талаптар
Жаңа ережелер смартфонмен жұмысы тығыз байланысты такси жүргізушілері мен курьерлер үшін де ерекше маңызды. Полиция өкілдерінің түсіндіруінше, тапсырыстарды телефон арқылы қабылдауға болады, бірақ құрылғы міндетті түрде арнайы ұстағышта тұруы тиіс.
Алайда көлік қозғалыста болған кезде телефонды қолмен басқаруға болмайды. Көлік жүріп келе жатқанда экранмен жасалған кез келген әрекет заңбұзушылық ретінде тіркелуі мүмкін.
Камералар жұмысына қатысты сауалдар
Дегенмен кейбір жайттар әлі де нақтылауды қажет етеді. Атап айтқанда, камералардың телефонды қолдану дерегін дәл қалай анықтайтыны туралы ақпарат аз.
Мәселен, құрылғыны құлаққа жақындатпай, тек қолда ұстап тұрса, жүйенің оны қалай танитыны ашық айтылмаған.
Сондай-ақ камералардың телефонды басқа заттардан (мысалы, әмиян немесе кілт) қалай ажырататыны да нақтыланбаған.
Сарапшылар техникалық қателіктердің болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, жүргізуші қолын бетіне апарса, жүйе оны телефон қолдану деп қате қабылдауы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайда жүргізушінің айыппұлмен келіспей, шағымдануға құқығы бар.
Дереккөз: Finratings.kz