Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қызының дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлап келген әкені өмір бойына түрмеге жапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Отырар” телеарнасының хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен қаралған. Жәбірленуші – кәмелет жасқа толмаған. Іс жабық сот отырысында қаралған.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен оның анасының, куәлердің жауаптары және стенограммалармен дәлелденген. Прокурор азғындық жасаған әкені өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Мұнымен жәбірленуші тарап келіскен. Ал айыпталушы соттан өзін ақтауды сұраған.
«Сот К.-ны Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енбеген.
Қылмыстық іс өткен жылдың желтоқсан айында ашылған. Тергеу дерегіне қарағанда, жәбірленуші 11 жасынан бастап зорлық көрген. 4 жыл бойы қорқып, ешкімге тіс жармаған. Кейін полицияға өзі барып арызданған.