homepage
Juzmedia.kz

Жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады

04.04.2026, 10:53

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй мәселесі жас отбасылар мен мамандар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Осы мақсатта іске қосылған бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп, жастарды уақытша баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

“Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету”, – деп жазды Аида Балаева.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында жалдау ақысы айына 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін белгіленіп, 10 мыңнан астам жас қазақстандық қамтылған. Оның басты мақсаты – жас мамандарға қолжетімді баспана ұсынып, болашақта өз үйін сатып алуға бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беру болған.

Пәтерлер жекешелендірілмейді

Бағдарлама шарттарына сәйкес, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Осыған байланысты кейбір қатысушылар пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенімен, бұл талап қолданыстағы келісімшарттарда қарастырылмаған.

Министр мемлекеттік шешімдер заң мен ортақ ережелерге негізделуі тиіс екенін атап өтті. Сондықтан келісімшарт талаптарын өзгерту өзге қатысушылар үшін әділетсіз болмақ.

“Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз. Алайда мемлекеттік шешімдер Заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді.

Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды. Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары”, – деді А. Балаева.

Бұдан бөлек, «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары арқылы да жастарға қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда мақұлданған өтінімдердің 62 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.

Айта кетейік, 2026 жылғы 27 наурыздағы бұйрыққа сәйкес, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы ресми түрде тоқтатылады. Ал босатылатын тұрғын үйлерді бөлу мәселесі тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады.

Қазіргі жалға алушылар келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады. Мамандар азаматтарға әкімдіктер мен банк арқылы кеңес алып, ипотекалық мүмкіндіктерді алдын ала қарастыруға кеңес береді.