Президент тапсырмасынан кейін Ішкі істер министрлігі Алматыдағы резонанстық жол-көлік оқиғасы бойынша тергеуді күшейтті. Қазір іс жан-жақты және объективті түрде қаралып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Оның апат кезінде мас күйде болғаны анықталды”, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да бөлек қылмыстық істер тіркелді.
Бұл істерді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеріп жатыр.
Оқиғаны толық әрі әділ бағалау үшін Алматыға арнайы комиссия жіберілді.
Лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды
ІІМ мәлім еткенжей, қызметтік тексеріс нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды. Олардың қатарында Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары және бірнеше басқарма басшылары бар.
“Қалада қауіпсіздікті күшейту мақсатында басқа өңірлерден қосымша полиция күштері тартылып, ауқымды рейдтер басталды. Алғашқы күндері 4,8 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жалған нөмір қолдану фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыптұраққа қойылды”, – деп атап өтті ІІМ өкілдері.
Мұндай шаралар тек Алматыда емес, еліміздің басқа өңірлерінде де жүргізіліп жатыр.
ІІМ басшысы Ержан Саденовтың айтуынша, тергеу оның жеке бақылауында. Барлық кінәлілер заң алдында жауап береді.