Бір миллионға жуық отандасымыз кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Яғни, айлық табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
31-арна хабарлауынша, бұл халық тойып тамақ ішпек түгілі, азын-аулақ азық-түліктің өзін қарызға алады деген сөз. Ал сарапшылар өткен жылғы экономикалық өсім тікелей тұтынушылық несиеге байланысты дейді. Сондықтан Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық ставканы жоғары деңгейде ұстап тұр. Енді ел экономикасы тұрақталуға тиіс.
Дәл қазір елімізде бір миллионға жуық тұрғынның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді.
Нақтырақ айтсақ, ай сайынғы кірісі 58 мың теңгенің төңірегінде. Демек, ақшасы ас-ауқаттан артылмайды, тіпті тойып тамақ та іше алмайды. Бұл проблема, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін өзекті. Өйткені 5 және одан да көп баласы бар отбасылардың 9 пайызы кедейлер санатына кіреді.
Астаналықтар да табыс ұлғайып жатқан жоқ дейді. Бірақ амалын тауып, аз ақшаны жеткізуге тырысып жүр екен.
Ресми дерекке сәйкес, өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға артқан, бірақ халықтың шынайы табысы, керісінше, кеміп отыр. Сарапшы Сапарбай Жобаев мұны бюджет қаржысының ірі бөлігінің жол, теміржол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен зауыттар салуға жұмсалуымен байланыстырады.
Оның пікірінше, экономикалық өсімді бюджет қаражаты емес, кәсіпкерлердің ақшасы қамтамасыз етуге тиіс. Халықтың кірісі ұлғаймағаны да – содан. Ал ахуалды түзеу үшін квазисектордағы компанияларды жекеменшікке беру керек.
«Осы 40 пайыз ақшаны 500 квазимемлекеттік кәсіпорын қалтасына салып жатыр. Соның арқасында өмір сүріп жатыр. Олардың бәрін жекешелендіру керек. Өткен жылы, 2025 жылы 243-ін жекешелендіреміз деген еді. Бірақ жүзеге аспады. Биыл енді 500-ін жекешелендіреміз дейді. Бұл бір әлгі дию сияқты – басын кессең, үшеуі шығатын боп, өсіп кетіп жатыр квазимемлекеттік кәсіпорындар», – деді экономист Сапарбай Жобаев.
Сондай-ақ қаржыгер жалақының көтерілмеуі де шынайы табыстың кемуіне әсер ететінін айтады. Мәселен, бюджеттік ұйымдар мен ірі компаниялар айлықты жыл сайын 10 пайызға индекстейді. Ал шағын кәсіп пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар еңбекақыны көтеруге қауқарсыз. Тіпті өнімділікті арттыру үшін жалақыны төмендетуі ықтимал.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері де кірістің кемуі айлықтың баяу өсуімен байланысты екенін айтты. Өйткені еліміздегі кәсіпорындардың тең жартысы ғана жалақыны 10 пайызға өсірген.