homepage
Видеодан кадр

Павлодарда жаңа туған нәрестені 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды

03.04.2026, 17:54

Түркістандық 23 жастағы әйел жүктілігінің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиін сатып алатын адамдарды іздеген. Полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында оның заңсыз әрекеті дер кезінде әшкереленіп, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полиция мәліметінше, әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік нәрестені ақшаға сатпақ болған сәтінде қолға түсті.

“Құқық қорғау органдарының жедел іс-қимылының арқасында сәбиге төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген ІІМ таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.

Полиция адам саудасының кез келген түрі, әсіресе балаларға қатысты қылмыстар қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.