Абай облысы Аягөз ауданында адам саудасы дерегі бойынша айыпталған әйелге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Істі Аягөз аудандық соты қарады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 128-бабы 2-бөлігі 2 және 8-тармақтары бойынша – бірнеше рет алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы адамдарды саудалау айыбымен кінәлі деп танылды.
Адамдарды алдап, шаруашылықтарға жібергіп отырған
Іс материалдарына сәйкес, 2024-2025 жылдары Аягөз қаласының тұрғыны әлеуметтік осал азаматтарды, соның ішінде алкогольдік масаң күйде жүрген адамдарды әдейі іздеп тауып, олардың сеніміне кіріп қана қоймай, психологиялық қысым көрсетіп, жұмысқа орналастыруға уәде еткен.
Кейін жәбірленушілерді шаруа қожалықтарына жіберіп, алдын ала төлем ретінде берілген қаражатты өз қажетіне пайдаланып отырған.
Тергеу барысында осындай бес эпизод анықталды.
Жәбірленушілер әйелмен Семей қаласында вокзалдар мен базар маңында танысып, оның жұмыс табуға көмектесетініне сенген. Кейбір жағдайда сотталушы олардың еркін жүріп-тұруын шектеп, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және ішімдікке тәуелді ету әрекеттерін қолданған.
“Алдын ала келісім бойынша шаруашылық басшылары әйелдің жеке шотына 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша аударып отырған” – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі қандай болды?
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды өтегенін және жәбірленушілермен татуласқанын айтты. Жәбірленушілер де оны кешіріп, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде әйелдің кінәсін мойындағанын, өкінгенін, шығынды өтегенін, жәбірленушілермен татуласқанын, жасын және «Күміс алқасы» барын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
“Нәтижесінде сот үкімімен әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды”, – делінген хабарламада.
Кейін Абай облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Шешім заңды күшіне енді.