homepage
Jogargy_sot

Салтанат Нүкенова ісі: Бақытжан Байжановтың үкімі қайта қаралады

03.04.2026, 16:37

Салтанат Нүкенова өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың үкімі кассациялық тәртіппен қайта қаралады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Informburo.kz жазуынша, бұл туралы Кассациялық соттар департаменті мәлімдеген.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот өндірісінде.

“Қорғаушылардың шағымдары негізінде Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттан Байжанов пен Қуандық Бишімбаев-қа қатысты іс материалдары сұратылған. Сот актілері тек Байжановқа қатысты қайта қаралады. Ал Бишімбаев пен оның адвокаттарынан кассациялық шағым түспеген”, – делінген хабарламада.

Кассациялық отырыс 14 мамырға белгіленіп отыр. Істі кемінде үш судьядан тұратын алқа қарайды.

Еске салайық, 2024 жылдың маусым айының соңында күшіне енген үкімге сәйкес, Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырып қалу дерегі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

2024 жылдың қыркүйегінде ол үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейіннен шағымын кері қайтарып алған. Адвокаты оның мұндай шешімінің себебін нақтыламағанымен, сотталған адамның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін атап өткен.

2025 жылдың шілдесінде Степногорск соты амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартқан. Ол кезде сотталған азамат 1 жыл 11 ай жазасын өтеп қойған еді. Алдын ала есеп бойынша, Байжанов 2026 жылдың қараша айында бостандыққа шығуы тиіс болған.