homepage
Depositphotos.com

Алматы гарнизонында бағынушысына күш қолданған офицер сотталды

03.04.2026, 15:56

Алматы гарнизонының әскери соты бағынушысына қатысты билігін асыра пайдаланған офицерге үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әскери сот материалдарына сәйкес, офицер қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, бағыныштысына физикалық күш қолданған және оны демалыс уақытында заңсыз жұмысқа тартқан.

Мемлекеттік айыптаушы соттан 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

“Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеуге дайын екенін білдірген.

Ал қорғаушы тарап 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеуді сұрады.

Жәбірленуші болса сотталушыны заңның барынша қатаңдығымен жазалап, келтірілген шығынды өндіруді талап етті”, – делінген сот хабарламасында.

Сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай ретінде ескергенімен, әскери антты бұзуды ауырлататын фактор деп таныды.

“Нәтижесінде офицер кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ол «аға лейтенант» әскери шенінен айырылып, жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.