homepage
Depositphotos.com

Жазғы Азия ойындарына Қазақстаннан қанша спортшы қатысады

03.04.2026, 15:31

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жапонияның Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындық бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Байрақты бәсеке 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жиында ұлттық құраманы жасақтау, спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басым спорт түрлеріндегі дайындықты күшейту мәселелері қаралды.

Биылғы Азия ойындарының бағдарламасына 43 спорт түрі енгізілген. Жалпы 438 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстан құрамасынан 30-дан астам спорт түрі бойынша 500-ге жуық спортшы қатысады.

“Министрлік ұлттық федерациялармен бірлесіп, кешенді дайындық жоспарын әзірледі. Онда оқу-жаттығу жиындарын өткізу, халықаралық жарыстарға қатысу, спортшыларға медициналық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар дайындықты үйлестіру үшін арнайы штаб құрылып, медаль алу мүмкіндігі жоғары спорт түрлері анықталды”, – делінген министрлік хабарламасында.

Ұлттық құраманы жасақтауда ашық әрі әділ іріктеуге ерекше мән беріледі.

Спортшылар халықаралық жарыстардағы, соның ішінде әлем және Азия чемпионаттарындағы, сондай-ақ іріктеу турнирлеріндегі нәтижелері негізінде таңдалады.