homepage
Instagram

Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі шықты

03.04.2026, 13:01

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі Өскемен қаласында жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Экс-шенеунік алаяқтық жасағаны және ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды.

Сот үкімі бойынша Жақсылық Омар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Үкімге сәйкес, оның Toyota Camry автокөлігі мен өзге де мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сот жеңілдетілген жаза түрін, соның ішінде айыппұл салу мүмкіндігін қарастыруға ешқандай негіз таппаған.

Қазіргі уақытта үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тағылған айыптар мен қылмыстық істің мән-жайы

Жақсылық Омарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы:

  • 190-баптың 3-бөлімі, яғни «Мемлекеттік қызмет атқаратын адамның ірі көлемде жасаған алаяқтығы»;

  • 366-баптың 3-бөлімі, яғни «Мемлекеттік қызметшінің ірі көлемде пара алуы» бойынша айып тағылды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алаяқтық деректері ол Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезде болған. Ал пара алу дерегі 2026 жылдың ақпанында тіркелген.

Сот материалдарында Жақсылық Омардың әкімдік қызметкерінен «жалпы қамқорлығы үшін» 20 млн теңге талап еткені көрсетілген.

Экс-шенеуніктің соттағы соңғы сөзі қандай болды? 

Сот процесі кезінде Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Ол өзіне бас бостандығынан айыру емес, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған болатын.

«Мен мемлекетке ауыртпалық салғым келмейді... Қарызға белшемнен батсам да, айыппұлды төлеп құтыламын», - деді ол соңғы сөзінде.

Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, қылмыстың қоғам үшін қауіпті екенін ескере отырып, оны 6 жылға темір торға қамау туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, Жақсылық Омар Өскемен әкімі қызметінен 2025 жылдың қарашасында кетіп, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын.

Оның ұсталғаны туралы ақпарат биылғы ақпанда тарағанымен, ресми органдар оны ұзақ уақыт бойы растамаған еді. Сол тұста облыс әкімдігі шенеуніктің «денсаулығына байланысты демалыста» екенін алға тартқан болатын.