Қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері, 2026 жылғы Италиядағы қысқы Олимпиаданың тарихи «алтынын» жеңіп алған Михаил Шайдоровқа ерекше тосынсый жасалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
21 жастағы чемпион өзінің Instagram парақшасында өзіне ұқсатып жасалған сүйкімді қонжықпен түскен суретін жариялады.

Бұл бірегей сыйлықты отандық өнеркәсіптік дизайнер Нади Цай өз қолымен жасап шыққан.
Дизайнердің айтуынша, танымал тұлғалардың бейнесі мен мінез-құлық ерекшеліктерін негізге ала отырып, авторлық «портреттік ойыншықтар» дайындаумен өзі айналысады.
Надиге Михаил Шайдоровтың Олимпиада шыңын бағындырғаны шабыт беріп, спортшының жеңісіне арнап арнайы дизайн құрастырған екен.
Нади Цай сыйлықты Михаилға өз қолымен табыстап, сол сәтті видеоға түсіріп алыпты. Ойыншықтың өзіне ұқсайтынын көрген спортшы таңданысын жасыра алмады:
«Ваууу, тіпті конькиі де бар екен! Ал шашы менікінен айнымайды. Көп рақмет!», - деп ағынан жарылды чемпион.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылдың 14 ақпанында Қазақстан қоржынына қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы алтын медалін салып, тарихты жаңартқан болатын. Осы ерен еңбегі мен жоғары жетістігі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Мұндай ерекше сыйлықтар мен халықтың ықыласы спортшының тарихи жеңісінің ел үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.