homepage
m.sport-express.ru

Әлемдегі ең табысты 50 спортшы

03.04.2026, 11:27

Sportico басылымы спорт тарихындағы ең жоғары табыс тапқан 50 спортшының жаңартылған рейтингін ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Зерттеу 2025 жылдың соңына дейінгі деректерді негізге алған. Инфляция деңгейі ескерілген тізімде спортшылардың жиынтық табысы 56,2 млрд долларды құраған.

Көш басында кімдер тұр?

Рейтингтің бірінші сатысына айнымас көшбасшы, NBA-дің алты дүркін чемпионы Майкл Джордан жайғасқан. Оның спорттық мансабы мен жарнамалық келісімдерден (әсіресе Nike-пен жасалған Jordan бренді) тапқан табысы шамамен 4,5 млрд долларды құрайды.

Үздік бестік тізімі:

  1. Майкл Джордан (баскетбол) – $4,5 млрд.
  2. Тайгер Вудс (гольф) – $3,2 млрд.

  3. Криштиану Роналду (футбол) – $2,3 млрд.

  4. Леброн Джеймс (баскетбол) – $2,1 млрд.

  5. Лионель Месси (футбол) – $1,9 млрд.

50 спортшының ішіндегі жалғыз әйел

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, рейтингке 10 түрлі спорт түрінен 17 елдің өкілдері енген. Тізімдегі табысы 1 млрд доллардан асқан спортшылар саны – 12. Ең көп спортшы баскетболдан болса, гольф пен бокс шеберлері де жоғары табысымен ерекшеленген.

Рейтингке енген жалғыз әйел спортшы - атақты теннисші Серена Уильямс. Ол өз мансабындағы жеңістері мен ірі брендтермен жасасқан келісімдерінің арқасында ТОП-50-ге кіре алған жалғыз әйел болды.

Спорттан кейінгі миллиондар қалай келген?

Сарапшылардың айтуынша, үздік спортшылардың табысы мансабы аяқталғаннан кейін де толастамайды. Керісінше, көп жағдайда жарнамалық келісімдер мен сәтті инвестициялар негізгі табыс көзіне айналады.

«Мансабын аяқтаған Дэвид Бекхэм, Роджер Федерер және Том Брэди сияқты тұлғалар жеке брендтері мен бизнес-жобалары арқылы жыл сайын миллиондаған доллар табуды жалғастырып келеді. Бұл спортшылардың тек алаңдағы шеберлігі ғана емес, медиа-бейнелерінің де құнды екенін дәлелдейді», - дейді сарапшылар.

Аталған рейтинг спорт индустриясының әлемдік экономикадағы орасан зор рөлін және «спорттық бренд» түсінігінің ұзақмерзімді капиталға айналатынын тағы бір мәрте көрсетіп берді.