homepage
muftyat.kz

Әйелін шәкіртіне «сыйлаған»: ҚМДБ қоғамда дау тудырған уағызшыға қатысты мәлімдеме жасады

03.04.2026, 10:46

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы уақытта қоғамда талқыланып жүрген Құрбанәлі Ахметке қатысты мәліметтерге байланысты мәліметдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

“Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етпейді, Діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ.

Осыған байланысты оның тарапынан айтылған пікірлер, жеке көзқарастар мен мәлімдемелер ҚМДБ-ның ресми ұстанымы емес екенін хабарлаймыз”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Басқарма сондай-ақ дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.

“Қоғам арасында түрлі түсінбеушілік пен жалған ақпараттың таралуына жол бермеу – баршамызға ортақ жауапкершілік”, – деп атап өтті ҚМДБ өкілдері.

ҚМДБ еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, қоғам бірлігін нығайту және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра беретнін мәлімдеді.

Оқиғаның мән-жайы

Бұған дейін әлеуметтік желіде өзін діни ағым өкілі ретінде таныстырған азаматтың видеосы тараған болатын.

Тексеру барысында оның кейбір айтқан сөздері Қазақстан заңнамасына қайшы келетіні және қоғамдық санаға кері әсер етуі мүмкін екені анықталды.

Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Депутат теріс діни ағымдар өкілдерінің насихатына тоқтам салуды ұсынды  

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи псевдодіни тұлғаларды сынға алып, дін атын жамылған бұрмаланған идеялар ұлттық құндылықтар мен қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан болатын.

Оның айтуынша, мұндай мәлімдемелер құқықтық тұрғыда бағалануы тиіс.

«Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.

Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек», - деді ол.

Депутат мұндай мәлімдемелер тек қоғамдық нормаларды ғана емес, қолданыстағы заңнаманы да өрескел бұзатынын айтты. Оның пікірінше, адамды «сыйға тарту» секілді әрекеттер адам саудасы ретінде қарастырылуы тиіс.

Тақырыпқа орай: «Өздерің қош көретін елге неге кетпейсіңдер?!» – депутат теріс ағым өкілдерін сынады

Ермұрат Бапи сондай-ақ деструктивті мазмұндағы ақпараттың медиа кеңістікте таралуына алаңдаушылық білдірді. Ол журналистерді ұлттық мүддені ескеріп, кәсіби стандарттарды сақтауға шақырды.

Сонымен қатар мұндай идеялардың жастарға ықпалына ерекше назар аударып, олардың агрессивті насихатқа бейім келетінін атап өтті. Мәжілісмен мұндай жағдайларға дер кезінде құқықтық баға берілмесе, қоғам үшін салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.