Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткендерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz..
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тергеген.
Оқиғаның мән-жайы
Тергеу мәліметінше, 2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырған.
Алайда шын мәнінде салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен беріліп отырған.
Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ заңды ұйым ретінде көріну үшін Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынған.
Барлығы 197 млн теңгеден астам қаржы жинап алған
Белгілі болғандай қаржы пирамидасына салым көлемі 350-ден 20 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін болған.
“Қаражатты заңдастыру үшін ұйымдастырушылар оны криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған, – делінген ҚМА хабарламасында.
Бұл ақшаға ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.
Сот үкімімен олар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.