homepage
Видеодан кадр

Қазақстанда жол ережесін жиі бұзған жүргізушілерге жаза қатаңдауы мүмкін

02.04.2026, 15:36

Қазақстанда жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге жазаларды қатаңдату ұсынылды. Депутаттар жүйелі бұзушыларға жеңілдіктерді алып тастау, жүргізуші куәлігін тек қайта емтихан тапсыру арқылы қайтару және ауыр жол апаттары үшін әкімшілік қамау сияқты шараларды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бүгін Сенатта айыппұлдардың кейбір жүргізуші үшін нақты жазалау шарасы болып саналмайтыны айтылды.

Сенатор, ҚР Ішкі істер министрлігінің бұрынғы бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, көптеген автокөлік жүргізушісі оны жылдам жүру үшін төлейтін қарапайым төлем ретінде қабылдай бастаған.

«Жүйелі бұзушыларға берілетін айыппұл жеңілдіктерін алып тастау, оларды уақытша куәлігінен айырып, қайта емтихан тапсыруға міндеттеу, қайталама заңбұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін ұзақ мерзімге шектеу, сондай-ақ қауіпті және жылдам жүру жағдайында әкімшілік қамау қолдану қажет», – деді Марат Қожаев.

Жол апаттарының себептерін анықтау және бақылау жүйесін жетілдіру 

Жазаларды қатаңдатуға жаңа өлімге әкелген жол-көлік апаттары түрткі болған. Сенатордың айтуынша, жол апаттарының 90%-ға жуығы жүргізушілердің кінәсінен, көбінесе жылдамдықты асыру салдарынан болады.

Сондай-ақ қазіргі бақылау жүйесіне де сын айтылды:

«Жүргізушілер камераға жеткенде жылдамдықты азайтып, одан кейін қайта газды басады», – деді сенатор.

Сондықтан елде, оның ішінде қалалық жолдарда да орташа жылдамдықты бақылау жүйесін кеңінен енгізу ұсынылды. 

Жүргізушілерді жаңа тәсілмен бағалау және ынталандыру

Жүргізушілердің өздерін де жаңа әдіспен бағалау жоспарланып отыр. Бұл – тек заңбұзушылық фактісін емес, жүргізушінің мінез-құлқы мен жүргізу стилін есепке алатын тәуекелге бағытталған тәсіл. Осы мақсатта психологиялық тестілеу және агрессивті жүргізуге бейімділікті бағалау ұсынылады.

Алайда жолда сақ бола білетін жүргізушілер үшін жеңілдіктер де қарастырылмақ. Мысалы, сақтандыру полисін арзандату және басқа да артықшылықтар берілуі мүмкін.