Қазақстанда сталкинг қылмыс ретінде енгізілгелі бері бұл бап бойынша қырыққа жуық адам жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сенат кулуарында журналистерге мәлімдеме жасаған Ерлан Өтегеновтің айтуынша, қазіргі уақытқа дейін 46 адам сотталған, ал 176 қылмыстық іс тіркелген.
Бас прокурордың орынбасары сондай-ақ 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу барысына тоқталды. БАҚ өкілдері күдіктінің не себепті мәжбүрлі психиатриялық сараптамаға жіберілгенін сұраған.
Оның түсіндіруінше, мұндай сараптама аса ауыр қылмыстарды тергеу кезінде міндетті түрде жүргізіледі.
«Бұл - ауыр қылмыстар бойынша тағайындалатын міндетті сараптама. Қазіргі уақытта ол жүргізіліп болды, қорытындысы тергеушіде бар», – деді Өтегенов.
Бұған дейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай күдікті өзін психикалық дертке шалдыққан адам ретінде көрсетіп, жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатқанын айтқан болатын.
Осыған байланысты Бауыржан Әленов пікір білдіріп, күдікті Алматы облысындағы Ақтас елдімекенінде психиатриялық сараптамадан өтіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, сараптама бір ай ішінде аяқталады.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Күдікті заң алдында жауап береді. Бұған күмән болмауы тиіс», – деді Әленов.