Қытай Қазақстанда тағы бір зауыт салуға ниеттеніп отыр. Жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін комбинат құрылысына 1,2 млрд доллар инвестиция құймақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Фуцзянь провинциясына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мәлім болды. Болат комбинатты қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясы салмақ. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда шамамен 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағытталып, сондай-ақ экспортқа шығарылмақ.
«Фуцзянь – Қытайдың жетекші өнеркәсіптік әрі экспорттық өңірлерінің бірі. Біз Қытаймен тұтас ел ретінде емес, нақты провинциялар деңгейінде жұмыс істейміз. Осы өңірдің порттары арқылы қазақстандық өнімдер Қытайдың оңтүстігіне және АСЕАН елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік алады», – деді Арман Шаққалиев.
QazTrade дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Фуцзянь провинциясы арасындағы тауар айналымы шамамен 522 млн АҚШ долларға жеткен.