homepage

Он адамның мәйіті анықталды, екі қара жәшік табылды: ТЖМ ұшақ апаты туралы

Juzmedia. kz
26.12.2024, 20:03

Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшағында қаза тапқандардың денесін идентификациялау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОН АДАМНЫҢ ДЕНЕСІ АНЫҚТАЛДЫ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, оқиға орнында ҚР ТЖМ, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 235 адам, 98 бірлік техника, 2 кинологиялық есептоп жұмылдырылды.

«Қаза тапқан 38 адамның 10-ы анықталды: 3 Қазақстан азаматы, 3 Ресей және 4 Әзербайжан азаматы. Денелерді идентификациялау жұмыстары жалғасуда. 20 зардап шеккен адам емдеу мекемелерінде жатыр. Ауруханаға жатқызылған барлық 29 зардап шеккен адам анықталды», - делінген ведомство хабарламасында.

14 зардап шеккен адаммен Әзербайжан делегациясының 2 бортының ұшуы жоспарланып отыр.

ҰШАҚ ҚҰЛАҒАН ЖЕРДЕН ҚАРА ЖӘШІКТЕР ТАБЫЛДЫ

Ұшақ апатын тексеріп жатқан үкіметтік комиссияның кезекті брифингінде белгілі болғандай, оқиға орнынан екі «қара жәшік» табылған.

"Зардап шеккендерден, жерүсті қызметінің қызметкерлерінен жауап алынды, барлық куәгер анықталды. Радиостанция арқылы байланыс жүйесінің деректері алынды. Оқиға орнында 4 мың шаршы метрге жуық аумақты тексеру аяқталуға жақын қалды. Аумаққа күзет қойылды. Оқиға орнынан екі «қара жәшік» табылды», - деді Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев брифингте.

Ол жұмыс Ресей және Әзербайжаннан келген әріптестермен тығыз байланыста жүргізіліп жатқанын айтты.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.