homepage
Depositphotos.com

Қазақстанның қай өңірлерінде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

02.04.2026, 10:48

Қазақстанда жаңа кәсіпорындардың ең көп өсімі ірі мегаполистерде тіркелді. Бұл деректер ҚР Ұлттық статистика бюросы мәліметтері негізінде жасалған өңірлік рейтингте көрсетілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom сарапшыларының мәліметінше, жыл басынан бері ең көп жаңа компания Астана қаласында – шамамен 4,3 мың кәсіпкерлік ашылған. Осының нәтижесінде елордадағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 2026 жылғы 1 наурызда 80,4 мыңнан асты.

Ал кәсіпкерлік саны бойынша көш басында Алматы тұр. Мұнда 118,5 мыңға жуық компания тіркелген. Бір жылда мегаполистегі кәсіпкерлер саны шамамен 4,3 мыңға көбейген.

Үшінші орында Шымкент қаласы тұр, мұнда 24,9 мың кәсіпкерлік мекеме ашылған. Жылдық өсім 1,6 мыңды құрады.

Өңірлер арасында кәсіпкерлік белсенділігі жоғары аймақтар қатарына Маңғыстау облысы (+1,4 мың) мен Түркістан облысы (+1,2 мың) кірді.

Жалпы алғанда, елдегі 20 өңірдің 12-інде кәсіпорындар саны артқан. Алайда кейбір аймақта, керісінше, құлдырау байқалады. Мәселен, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Жамбыл облысы кәсіпкерлік белсенділігі азайған өңірлер қатарына еніп отыр.

Ең аз кәсіпорын жаңа құрылған өңірлерде тіркелген. Олардың қатарында Ұлытау облысы, Жетісу облысы және Абай облысы бар.

“Сала бойынша алғанда, кәсіпкерліктің басым бөлігі сауда саласында шоғырланған – 106,9 мың компания. Құрылыс саласында 57 мыңға жуық мекеме жұмыс істейді. Білім беру секторында 29,5 мың ұйым тіркелген. Ал энергетика мен су шаруашылығында кәсіпкерлік белсенділігі салыстырмалы түрде төмен болып тұр”, – делінген зерттеуде.

Сарапшылар есебінше, 2026 жылдың ақпанында Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік мекемелер жалпы саны 440 мыңға жетіп, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке ие болған, яғни 2020 жылмен салыстырғанда өсім 33 пайыздан асқан.

Сонымен қатар нарықтағы компаниялардың басым бөлігі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерліктің ең үлкен үлесі (28,6%) 2-5 жыл аралығында қызмет ететін бизнеске тиесілі болып отыр. Ал 25 жылдан астам жұмыс істеп тұрған тәжірибелі компаниялар саны 23 мыңнан асады.