Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінен хабарлағандай, бухгалтер өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
“Қатысушыларды тарту үшін Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін уәде еткен. Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркелген. Жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырған”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Осы жалған мәліметтердің негізінде уәкілетті органдар жәрдемақыларды негізсіз жоғары мөлшерде тағайындаған. Кейбір кәсіпкерлер төлемдерді алғаннан кейін бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдеген. Соның салдарынан мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынғаны анықталды, тергеу барысында оған тыйым салынды.
“Сот үкімімен есепші әйелге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.