Ливия мен Ауғанстаннан шыққан заңсыз мигранттар резеңке қайықпен Еуропаға жетуге тырысқан. Алада қайғылы оқиға салдарынан шамамен 40 адам көз жұмып, ондаған адам зардап шеккен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Euronews хабарлауынша, 1 сәуірде Италияның жағалау күзеті Лампедуза аралы маңынан адамға лық толы резеңке қайықты анықтаған. Қайықта 77 мигрант болған, олардың 19-ы құтқарушылар жеткенше қайтыс болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, олар суыққа тоңып және қайық түбінде жиналған көмірсутек буынан уланған. Тағы бес адамның жағдайы ауыр деп бағаланған.
Айта кетерлігі, Лампедуза аралы Солтүстік Африкадан Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтетін мигранттар үшін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.
Сондай-ақ тағы бір оқиға Мугла провинциясының жағалауында тіркелген. Түркия жағалау күзетінің мәліметінше, ондаған мигрант мінген қайық патрульдің тоқтау туралы талабын елемей, жылдамдықпен қашуға тырысқан. Соның салдарынан қайық аударылып кеткен.
“Эгей теңізі аумағынан 19 адамның мәйіті табылды, олардың арасында бала да бар. Шамамен 20 мигрант құтқарылған”, – делінген хабарламада.
Өңір билігінің айтуынша, қайықтағы адамдардың барлығы Ауғанстан азаматтары болған және Грекия аралдарына бағыт алған.
Халықаралық көші-қон ұйымы дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Орталық Жерорта теңізінде 624 мигрант қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған.