Air Astana әуекомпаниясы Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын барлық тұрақты рейстерді 1 сәуірден 30 сәуірге дейін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аталған шешім Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайына байланысты қабылданған.
“Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Дубайға жоспарланған тұрақты рейстердің тоқтатылуын 1 сәуірден 30 сәуірге дейін ұзартуға мәжбүр”, – делінген хабарламада.
Әуе компаниясының хабарлауынша, саяхатшыларға бірнеше нұсқа ұсынылады:
Әуе компаниясы ұшпай қалған рейстердің билеттерін толық қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Дубайға ұшатын рейстерді 30 маусымға дейін ақысыз қайта брондауға болады.
Жолаушылар басқа бағытқа билетті ауыстыруға да құқылы, бірақ тариф айырмасы мен әуежай алымдары бойынша қосымша төлем болуы мүмкін.
Айта кетейік, 28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль Иран аумағына авиациялық соққылар жасаған, ал Тегеран өз кезегінде Израиль мен Парсы шығанағындағы бірнеше мемлекетке зымыран мен дрон шабуылдарын жасаған.
Әуе компаниясы жолаушылардың қауіпсіздігі мен қауіп-қатерді азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отырғанын атап өтті.