homepage

Әзербайжан ұшақ апатына Ресейден атылған зымыран себеп болғанын растады

Juzmedia. kz
26.12.2024, 18:39

Сәрсенбі күні Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына Ресей қорғаныс жүйесінен атылған зымыран себеп болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі.

Euronews жазуынша, зымыран Грозный үстіндегі дрондардың әуе белсенділігі кезінде 8432 рейсіне бағытталған. Зымыран жарылған кезде ұшақтың жанында шрапнель жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген. Үкімет дереккөздері Euronews-ке хабарлағандай, ұшақ пилоттары шұғыл қону туралы өтініштеріне қарамастан, Ресей әуежайларына қонуға рұқсат ала алмаған.

Ұшаққа Қазақстанның Ақтау қаласына қарай Каспий теңізі арқылы ұшуға бұйрық берілген. Деректерге сәйкес, ұшақтың GPS-навигациялық жүйелері теңіз үстіндегі ұшу бағыты бойы бұғатталған.

“Зымыран «Панцирь-С» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен атылған, деп хабарлады Бакуде орналасқан AnewZ халықаралық басылымы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап. Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Шешенстан аумағының үстінен ұшып өткен сәтте, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері украиналық дрондарды атып түсіруге тырысып жатқан. Шешенстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Хамзат Кадыров сәрсенбі күні таңертең Грозныйға дрондар шабуылы болғанын растады, алайда зардап шеккендер мен шығындар жоқ екенін атап өтті”, деп жазды Euronews.

Тақырыпқа орай: Ақтаудағы ұшақ апаты болған жерден видео жарияланды - ТЖМ мәлімдемесі

Сондай-ақ аталған алдын ала мәліметтер расталар болса, бұл соңғы онжылдықта 2014 жылғы Украинадағы MH17 апатынан кейін Ресей әскерінің коммерциялық ұшақты екінші рет құлатып отырғаны болады. Бұл жолы қайтыс болғандар арасында Ресейдің өз азаматтары, сондай-ақ Қазақстанның 6 азаматы бар. Бұл апат сонымен қатар 2018 жылдың қарашасында Португалия үстінде Air Astana Embraer 190 ұшағының гидравликасы істен шыққан оқиғаны еске салады, бірақ Португалия әуе күштерінің көмегімен ұшақ қауіпсіз қонған болатын.

Сәрсенбі күні болған апат бойынша тергеу жұмыстары зымыранды ату жағдайларын, Ресейдегі жақын әуежайға қонуға рұқсаттың берілмегенін және оқ тиген ұшақпен теңіз арқылы ұшу туралы нұсқауды анықтайтын болады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.