Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің інісі, экс-депутат Шайырек Тәшиев ұсталды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елдің ІІМ мәліметіне қарағанда, ол «Қырғызмұнайгаз» ААҚ-дағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тұтқынға алынған. Тәшиев Бішкектегі уақытша ұстау изоляторына қамауда отыр.
Қылмыстық қудалауға негіз болған – Салық қызметінің тергеуі. Тергеу деректеріне сәйкес, 2021-2025 жылдары күмәнді делдалдық схемалар мен шикізатты негізсіз есептен шығару салдарынан мемлекеттік компанияға 4 миллиард сомнан астам шығын келтірілген.
Айта кетейік, бұған дейін оның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.Сондай-ақ, ол ІІМ-нің бас тергеу басқармасында жауап беріп, кейін босатылған болатын.