Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға донорлық жүйені дамыту мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, донорлық – тек қайырымдылық емес, елдегі денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас әрі стратегиялық маңызды бөлігі. Бүгінде Қазақстанда 19 қан орталығы жұмыс істеп, 400-ден астам медициналық ұйымды қажетті компоненттермен қамтамасыз етіп отыр. Алайда осы жүйенің тұрақтылығы донорлар санына тікелей байланысты.
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы ел халқының небәрі 1,2 пайызы ғана донор болған. Оның үстіне, соңғы жылдары қан тапсыруға ниетті азаматтар саны азайып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
«Қан – сатып алуға да, зертханада жасап шығаруға да болмайтын ерекше ресурс. Ол тек адамнан адамға беріледі. Сондықтан донорлық жүйенің әлсіреуі – мыңдаған науқастың өміріне тікелей қауіп», – деді Қарақат Әбден.
Депутат қазіргі донорларға берілетін өтемақы мөлшерінің тым төмен екенін атап өтті. Қазір ол 0,25 айлық есептік көрсеткішті (шамамен 983 теңге) құрайды және соңғы 20 жылда өзгермеген. Ал мамандардың есебінше, қан тапсырған адамның ағзасын қалпына келтіру үшін кемінде 4700 килокалориялық тағам қажет, оның құны 5 мың теңгеден асады.
Сондай-ақ тромбоцит донорлығы мәселесі де көтерілді. Бұл – онкологиялық және ауыр науқастарды емдеуде аса қажет компонент. Алайда оны тапсыру ұзақ әрі күрделі болғанына қарамастан, төленетін өтемақы көлемі өзгеріссіз қалып отыр. Соның салдарынан бұл бағытта донорлар тапшылығы байқалады, әсіресе Астана мен Алматы қалаларында.
Осыған байланысты депутаттар бірқатар нақты ұсыныс айтты:
донорларға төленетін өтемақыны 1–1,25 АЕК-ке дейін арттыру;
Қарақат Әбден донорлықты қолдау – шығын емес, адам өміріне салынған инвестиция екенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамда тұрақты донорлық мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді.