Алматыда кәмелетке толмаған қызға қатысты жасалған аса ауыр қылмыс бойынша сот үкімі шықты. 2026 жылғы 30 наурызда өткен сот отырысында айыпталушы кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Ләззат Рақышеваның айтуынша, сот іс бойынша екі жеке қаулы да шығарған.
“Сот айыпталушыны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот екі адвокат пен айыпталушының бауырына қатысты іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау фактісі бойынша екі жеке қаулы шығарды. Материалдар тексеру және қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды”, – деп хабарлады Ләззат Рақышева.
Сонымен қатар сотталған адамның ВИЧ-инфекциясымен ауыратынын біле тұра кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана қауіп төндіргені анықталған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 118-бабы бойынша да жеке қаулы шығарылған.
Қорғау тарапының мәліметінше, айыпталушы жәбірленушінің отбасымен бұрыннан таныс болған және қыздың әкесінің досы саналған. Қыздың ата-анасы ажырасқан, ал анасы қазіргі уақытта жазасын өтеп жатыр.
Адвокаттың айтуынша, осы кезеңде қызға әкесі, туыстары және айыпталушы жақтан қысым жасалып, ол бастапқы айғақтарын өзгерткен.
Сондай-ақ сотталған адамның өз ВИЧ статусы туралы алдын ала білгені айтылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар шешімге 15 күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.