Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты туралы видео жариялаған блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Полицияның мәліметінше, блогерге көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған.
“Бұған дейін тонау дерегі бойынша сотталған күдіктіге қатысты сот 10 тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады”, – делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
ПД мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде миллионнан астам оқырманы бар блогер әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апаты туралы жазбаларынан кейін көпшіліктің назарын аударған.
Полиция дерегінше, Әділетхан Молдахан бұрын құқық қорғау органдарында қызмет етіп, кейін теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Сондай-ақ 2023 жылы топпен жасалған тонау ісі бойынша сотталған.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.