Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметі 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында мемлекеттік шекараны қорғау барысында бірқатар заңбұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz..
Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екі ай ішінде шекара кеңістігінде Қазақстан заңнамасын бұзған 6 021 адам ұсталған. Олардың 5 034-і шетел азаматтары болып шықты.
Сондай-ақ мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 2 103 дерегі анықталды. Оның ішінде:
- 41 факт – есірткі заттары;
- 50 факт – қару-жарақ пен оқ-дәрілер (7 тегіс ұңғылы қару, 37 суық қару, 276 оқ-дәрі);
- 1 056 факт – 66 тоннадан астам жанар-жағармай материалдары;
- 741 факт – жалпы құны 4,6 млрд теңгеден асатын халық тұтыну тауарлары;
- 215 факт – сомасы 1,9 млрд теңге болатын валюта бар.
Бұдан бөлек, Каспий теңізінде браконьерліктің 13 дерегі анықталып, заңсыз құралдар мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Алдын алынған шығын көлемі 330 млн теңгеден асты.
Аталған деректер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.