РФ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей бақылауындағы Қырым аумағында жоспарлы ұшу кезінде әскери-көлік Ан-26 ұшағы апатқа ұшырап, 29 адам қаза тапты. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, әуе кемесі жартасқа соғылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аннексияланған Қырым үстінде жоспарлы рейс орындап жүрген әскери-көлік Ан-26 ұшағының апаты салдарынан экипаждың алты мүшесі мен борттағы 23 жолаушы көз жұмған.
1 сәуірде, яғни сәрсенбіге қараған түні РФ Қорғаныс министрлігі жасаған мәлімдемеде ұшақпен байланыс 31 наурызда кешкі сағат 18:00 шамасында үзілгені айтылады.
«Іздестіру-құтқару тобы Ан-26 ұшағы құлаған орынды анықтады. Оқиға орнынан алынған мәліметке сәйкес, экипаждың алты мүшесі және борттағы 23 жолаушы қаза тапқан», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ ұшаққа сыртқы соққы әсері болмағаны атап өтілді.
Министрліктің алдын ала болжамы бойынша, апаттың себебі – техникалық ақау. Ал РИА «Новости» агенттігіінің дереккөздері ұшақтың жартасқа соғылғанын хабарлайды.