Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деген күдікті психикалық орталыққа жатқызылды. Бұл туралы марқұмның жақындары мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары сап-сау адамның аяқ асты жынды болып қалуы жазадан сытылып кетудің амалы деп топшылайды. Сондықтан медициналық анықтама берген дәрігерлерді тексеру керек деп отыр.
“Біріншісі Шымкентте қаралған болатын. Анықтамада психикалық ауытқуы байқалғаны жазылған. Біз оған сенбей, Алматыда қайта сараптама жүргізуді талап еттік. Күдікті ол жаққа барып, онда да осындай қорытынды алды. Енді бұл жағдайда симуляцияның айқын белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер – кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген, дені сау адам. Естігенім бойынша, қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында”, – дейді Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.
Әзірге құзырлы орган өкілдері бұл жайтқа қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.
Еске салайық, қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатігездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған.
Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғанын марқұмның туыстары түсінбей отыр.