homepage
фото: ашық дереккөзден

"Жеті баламды тәрбиелеуім керек". Жақсылық Омардың соттағы соңғы сөзі

01.04.2026, 00:48

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омарға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Прокурор шенеунікке алты жыл жаза сұрап отыр. Үкім 3 сәуірде жарияланады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (ірі көлемдегі алаяқтық) және 366-бабы 3-бөлігі (ірі көлемде пара алу) бойынша айып тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушылар Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар, прокурорлар оны өмір бойына мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда, өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк жүйесінде және қаржылық қызмет саласында лауазым атқару құқығынан, сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан айыруды ұсынды.

Ал, қорғау тарапы керісінше, бас бостандығынан айырмауды сұрап отыр. Адвокаттар айыпталушының келтірілген шығынды толық өтегенін, сондай-ақ туыстары айыппұл төлеуге жеткілікті қаражат жинағанын алға тартты. Осыған байланысты олар соттан ірі көлемдегі айыппұлмен шектелуді өтінді. 

Соттағы соңғы сөзінде Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

«Мен алғашқы күннен бастап шын жүректен өкіндім, кінәмді толық мойындаймын. Болған жағдайға қатты өкінемін. Тергеу изоляторында болған уақытта бәрін саралап, өз қателігімді түсіндім. Мен үшін ең бастысы – отбасым, жеті баламды тәрбиелеу. Олардың бесеуі кәмелетке толмаған, екеуі - студент. Келтірілген шығын толық өтелді. Туыстарымның қолдауымен айыппұл төлеуге мүмкіндігім бар. Отбасылық жағдайымды, бұрын сотталмағанымды және әлеуметтік байланыстарымды ескере отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраймын»,- деді Жақсылық Омар.