Елордада күн райының жылынуына байланысты осы аптада жылу беру тоқтатылуы ықтимал. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлады.
Ереже бойынша, егер сырттағы ауа температурасы бес күн бойы қатарынан +10°C-тан жоғары болса, қалада жылу беру тоқтатылады. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы күндері орташа температура +16°C шамасында болмақ.
Апталық ауа райы болжамы:
31 наурыз: күндіз +14°C;
1 сәуір: күндіз +11°C;
2 сәуір: күндіз +15°C;
3-4 сәуір: күн райы +20°C-қа дейін жылынады;
5 сәуір: күндіз +16°C.
Мамандардың айтуынша, антициклон әсерінен Қазақстанға аномальді жылу келеді. Елдің батысында термометр бағаны +20°C, ал оңтүстігінде +23°C-қа дейін көтерілмек.
Алайда, асығыс шешім шығаруға әлі ерте. Болжам бойынша, 15 сәуірден бастап елімізде күн қайта суытып, температура +7°C пен +11°C аралығына дейін төмендеуі мүмкін. Сондықтан жылуды өшіру мәселесі алдағы күндердің нақты райына байланысты болмақ.