homepage
Фото: ашық дереккөзден

Рахат Тұрлыханов сотта жеңілді

31.03.2026, 14:42

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі, әнші Рахат Тұрлыханов отбасылық жанжалға қатысты әкімшілік соттың шешімін өзгертуге тырысқанымен, онысынан ештеңе шықпады. Сот бұрынғы қаулыны қалдырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алматы қалалық прокуратурасының мәліметіне сай, бастапқыда бұл іс әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған болатын. Алайда, әкімшілік сот іс материалдарында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін деп танып, өндірісті тоқтатқан. Әнші бұл шешімге шағым түсірген еді.

«Әкімшілік соттың қарау нәтижесі бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Сот қаулысына шағым берілді, бірақ апелляциялық инстанция оны өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады», — деп жауап берді ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта іс материалдары Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына жолданды. Енді тәртіп сақшылары бұл оқиғада қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтап, тиісті процессуалдық шешім қабылдауы тиіс.

«Қылмыстық іс қозғау мәселесі қазіргі уақытта шешілу сатысында тұр», — деп толықтырды прокуратура.

Еске сала кетейік, 15 наурызда Рахат Тұрлыхановтың жұбайын соққыға жықты деген күдікпен ұсталды. Бастапқыда әйелі физикалық күш қолданылғанын айтқанымен, кейіннен соққыға жығу фактісін жоққа шығарып, тек «отбасылық жанжал» бойынша арыз берген.

Бұған дейін, 2024 жылдың қаңтарында да әнші әйелін ұрғаны үшін сотты болған еді. Сол кезде жұбайы татуласқандарын айтса да, құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанғандықтан, сот оны 10 тәулікке қамауға алған болатын.