Алматыда ұсталған белгілі қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевқа қатысты сот шешімі шықты. Ол алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, Алматы қаласының тергеу соты 19 наурыз күні Боқаевты қамауда ұстау туралы өтінішті санкциялаған. Тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр бабы бойынша жүргізіліп жатыр: аса ірі көлемдегі алаяқтық (190-бап, 4-бөлім) және ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу және жою (340-бап, 3-бөлім).
Тергеу нұсқасы бойынша, блогер табысы аз адамдарды жалдап, оларға ақша беріп, саябақтардағы ағаштарды кесуге тапсырма берген. Содан кейін бұл жағдайды «биліктің заңсыздығы» ретінде әлеуметтік желіде жариялаған. Сондай-ақ, ол құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды ұйымдастырып, оны да бейнежазбаға түсіріп, жалған ақпарат таратты деген күдік бар.
Бұдан бөлек, құзырлы орган Боқаевты алаяқтық жолмен аса ірі көлемде ақша жымқырды деп те айыптап отыр.
Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. Егер тағылған айыптар дәлелденсе, белсенді ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.