homepage
Фото: ашық дереккөзден

ЛГБТ өкілімен болған сотта депутат жеңіп шықты

31.03.2026, 12:18

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты ЛГБТ қауымдастығының өкілі Виталий Шевченконың Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге қарсы түсірген талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы «Власть» басылымы жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқиға өткен жылдың тамыз айында Facebook әлеуметтік желісінде болған. Депутат Еділ Жаңбыршин Виталий Шевченконың жазбасына пікір қалдырып:

«Үйіңде не істесең де өзің біл, бірақ ЛГБТ-ны насихаттамау керек. Тыныш қана өмір сүр, ол туралы "шақырудың" (кукарекать) қажеті жоқ! Сендер адамзаттың сорысыңдар!» — деп жазған болатын.

Шевченко бұл сөздерді ар-намысыма тиді және қадір-қасиетімді қорлады деп санап, сотқа жүгінді.

Істі қараған судья Айгүл Аяпбергенова сарапшылардың қорытындысына сүйене отырып, депутаттың сөзінен қылмыс немесе құқық бұзушылық белгілерін таппады. Сараптама нәтижесі бойынша депутаттың мәлімдемесінде Шевченконың ар-намысына тиетін «жағымсыз мәліметтер» жоқ. Бұл сөздер нақты факт емес, автордың «субъективті пікірі» және «бағалаушы пайымы» ретінде бағаланды.

Заң бойынша, ар-намысты қорғау үшін айтылған сөздер шындыққа жанаспайтын нақты факт болуы шарт. Ал «пікір білдіруге» заң тыйым салмайды.

Сот шешімімен талап арыз беруші Виталий Шевченко жеңіліп қана қоймай, сот сараптамасына кеткен 131 430 теңге шығынды да өз қалтасынан төлейтін болды.

Шевченконың адвокаты Ерлан Қалиев Мәжіліс депутатының мәртебесі оған кез келген сөзді айтуға құқық бермейтінін, депутаттық этика нормаларын сақтау керектігін алға тартты. Ал Виталий Шевченконың өзі сотта мектеп кезінде гомофобия салдарынан буллинг көргенін айтқанын, оның сөзінде ешқандай «насихат» болмағанын жеткізді.

Еділ Жаңбыршиннің өзі сот отырысына қатыспады және бұл процеске қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Өткен жылдың 30 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағытты насихаттауға» тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Құқық қорғаушылар бұл заң ЛГБТ өкілдеріне жасалатын қысымды күшейтуі мүмкін деп қауіптенеді.